Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейі

Музей Қармақшы ауданы әкімдігінің 2015 жылғы 27 сәуірдегі №704 қаулысымен Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейі мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын болып құрылды. 2015 жылдың қыркүйек айында жаңа ғимарат пайдалануға берілді.
Музей ғимараты қыштан салынған, екі қабатты. Бірінші қабатында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі орналасқан.
2016 жылы қараша айында аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, музей экспозициялық жұмыстары жүргізілді. Осы жылдың желтоқсан айында музей залдарының экспозициялық жұмыстары толық аяқталып, музейдің «Өлке тарихы» және «Тәуелсіз Қазақстан» залдары ашылып, музей келушілеріне өз қызметін көрсетіп келеді.
Музей экспозициясы өлкеміздің ежелгі, ортағасыр, жаңа және қазіргі заман тарихы мен мәдени мұрасы жайлы толыққанды мағлұмат алуға мүмкіндік береді. Экспозициялық залдарда сақ өркениетіне жататын Шірік-Рабат, Бәбіш Мола, Баланды қалашықтары, Жетіасар мәдениеті тақырыбында Алтынасар, Қосасар, Тікасар, Томпақасар т.б. асарлар, ортағасырлық ескерткіштер Сырлытам кесенесі, Еламан мұнарасы, Марал ишан, Қалқай ишан, Қорқыт ата кесенесі жайлы мәліметтер берілген.
2019 жылдың ақпан айынан бастап, облыс әкімінің 28 желтоқсан 2018 жылғы №1301 санды Қаулысының негізінде Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейі филиалы болып қайта құрылды.