Арал қалалық тарихи музейі
Арал қалалық тарихи музейі Арал ауданы әкімінің 2014 жылғы 24 қарашадағы № 494 қаулысымен құрылған. XX ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан суреткер, публицист, қоғам қайраткері, Халық жазушысы Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовке байланысты жәдігерлерді зерделеудің біртұтас жүйесін құрып, ұлт әдебиетінің жазба ескерткіштерін жаңғырту және жинақтау мақсатында жасақталған музей Қызылорда облысы, Арал қаласы, Байқоңыр көшесі № 22 үйде, 9 бөлмелі, бір қабатты ғимаратта орналасқан. Музей қорында жазушының орыс, болгар, поляк, румын тілдеріне аударылған шығармалары бар.
Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы, Арал ауданының Құланды елді мекеніне қарасты Үшкөң ауылында дүниеге келген. Ә. Нұрпейісов халық жазушысы, XX ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан суреткер, публицист, қоғам қайраткері.


Экспозициялық залда жазушының қоғам қайраткерлерімен, зиялы қауым өкілдерімен, өз замандастарымен, отбасымен түскен суреттері орналасқан. Жазушыға шығармашылықпен айналасуға барлық жағдай жасалған, себебі музей жұмыс кабинеті, жатын бөлмесі, ас бөлмесі, жуынатын бөлмелермен қамтылған.
2015 жылы 15 қарашада Ә. Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романының кейіпкерлері Жәдігер мен Бәкизатқа арналған символикалық белгінің ашылуы болды. Салтанатты шараға жазушы өз отбасымен келіп қатысты. Қоладан құйылған белгінің биіктігі 2 метр 50 см, ені 3 метр 60 см, авторы Ақтаулық мүсінші Көшер Байғазиев.
2019 жылы 22 қазанда жазушының 95 жасқа толған мерейтойына орай ҚР Президенті Қасымжомарт Тоқаев Ә. Нұрпейісовке «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берді. Сол жылы «Қазығұрт» баспасынан қаламгердің жеті томдық шығармалар жинағы жарық көрді.