С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы
Жергілікті қылқалам шеберлерінің таңғажайып туындыларын Сыр жұртшылығына насихаттау, ұлттық өнердің дамуына үлес қосу мақсатында 2014 жылдың қараша айында тарихи ескерткіштер тізіміне енген бұрынғы әскери комиссариат ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, облыстық музейдің бір бөлімі Көркемсурет галереясы ашылды.
Галерея қорында елімізге белгілі суретшілер Әбілхан Қастеевтің, Г.Хлудовтың, Г.Исмаилованың, А.Ғалымбаеваның, С.Сенчихиннің, Қ.Мамақовтың, Қ.Қожықовтың және Қазақстан бейнелеу өнеріне өзіндік үлес қосқан, Қазақстан суретшілер Одағының мүшелігіне енген жергілікті қылқалам шеберлерінің қолынан шыққан туындылары сақтаулы.

Галереяның бірінші қабатында 3 көрме залы, 2-ші қабатта қылқалам шеберлері мен қолөнершілерге шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беретін 4 шеберхана жұмыс жасайды. Сонымен қатар, қолөнер шеберлерінің кәсібін дамыту мақсатында арнайы сатылым бұрышы ұйымдастырылып, қолөнер шеберлерінің бұйымдары мен ағаштан жасалған кәдесыйлар қойылған.
2019 жылы халықаралық суретшілер симпозиумы өткен болатын. Осы симпозиум барысында көркемсурет галереясына кескіндемеші, график-суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Қызылорда облысының тумасы Салихитдин Айтбаевтың есімі берілді.
Галерея қорында қазіргі таңда Қазақстанның белгілі және жергілікті суретшілерінің 900-ден аса туындылары сақталған.