Орта Азия мен Қазақстанда жастар ұйымын талантты ұйымдастырушыларының бірі, көрнекті қоғам қайраткері,өз заманының патриоты, Қазалы топырағының даңқты перзенті Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі Қызылорда облысы, Қазалы аудандық Кеңесінің шешімімен 1968 жылы 7 қарашада ашылды. Музейге ХІХ ғасырдың соңында Сібірден әкелінген ағаш бөренелерден тұрғызылған орыс саудагерінің үйі болған, кейін Кеңес өкіметі орнаған жылдары бірінші сайланған Еңбекшілер депутаттары Қазалы қалалық Кеңесінің кеңсесі орналасқан ғимарат берілді. (бұл ғимарат республикалық санаттағы ескерткіштер қатарында).
Музей Қазалы қалалық кітапханада 1967 жылы ұйымдастырылған мүйіс-көрме негізінде ашылды.
Бұл мүйісті ұйымдастыруға ұстаздар М.Жанұзақов, Б.Құлсейітов, кітапханашылар С.Төлегенов, Ж.Төлеповалар атсалысты.Ғаниға қатысты көптеген құжаттар мен суреттер Алматыда тұрған зерттеуші-журналист Сейілхан Асқаровтан сол жылдардағы аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Теңел Жұмабаев арқылы алынды.
1968 жылы музей алғаш ашылғанда 200 жәдігер, 3 зал болса, бүгінгі таңда музей қорында бес мыңға жуық экспонат бар. Музейде бұл күнде сегіз экспозициялық, бір көрме залы жұмыс жасайды. Ғанидың балалық шағынан бастап, ақтық сапарға аттанғанға дейінгі өмір жолы осы залдарға кезең-кезеңмен орналастырылған. Сондай-ақ, музей қорында оның өз қолымен жазылған хаттары, көпшілікке беймәлім құжаттары мен фотосуреттері бар. Сонымен бірге, қызметтес болған серіктерінің, замандастарының естеліктері мен кітаптары да жинақталған.