Арал аудандық тарихи-өлкетану музейі 1988 жылы 25 маусымда ашылды. Кейін Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 1988 жылғы 5 тамыздағы қаулысымен дербес мемлекеттік музей болып бекітілді. 2019 жылдың ақпан айынан бастап Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы болып қайта құрылды. Арал өңірінде өмір сүрген ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігінде тұтынған бұйымдары, киім-кешектері, Арал теңізінің кешегісі мен бүгінгісі жайында баяндайды. Нұртуған Кенжеғұлұлынан бастау алатын, Арал теңізі жағалауының топырағынан жаралған ақын-жазушылардың, термеші-жыраулардың, сазгерлердің, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлерінің, ҚР-ның Мәдениет қайраткерлерінің, қолөнер шеберлерінің, суретшілерінің фотолары, шығармалары, белгілі суретшілердің картиналары, т.б. көптеген құнды жәдігерлер экспозицияда орналасқан. Арал аудандық тарихи-өлкетану музейінің қорында 11110 -нан аса жәдігерлер сақталған.
Музейде 5 экспозициялық зал бар:
- «Археология мен этнография» залы;
- «Өнер мен әдебиет» залы;
- «Өлке тарихы» залы,
- «Тәуелсіз Қазақстан» залы,
- «Галерея» залы
Арал аудандық тарихи-өлкетану музейінің бөлімшесіне «Балықшылар» және «Суреттер сыр шертеді» музейлері кіреді.
Музей қызметінің негізгі мақсаты – ауданның өткен тарихы мен материалдық және рухани байлықтарды жинақтау, сақтау, жиналған құжаттар мен жәдігерлерді зерттеу,көпшілікке таныту болып табылады